A - Размер шрифта A +

Навигация

Модернизация 3.0

Общая информация

Опросы

Получаете ли Вы государственные услуги посредством портала Электронного Правительства?

Да, получал (а)
Нет, не получал (а)
Никогда не слышал (а) о таком портале и услугах


Результаты
Другие опросы

Всего проголосовало: 556

Информация

Проблема с файлом блока!

Рухани жаңғыру

Жаңартылған білім беру жүйесі жан-жақты талқыланған республикалық семинар

Категория: Рухани жаңғыру
Дата: 03.11.2017
Просмотры: 45 Печать страницы
Жаңартылған білім беру жүйесі жан-жақты талқыланған республикалық семинар

Жаңартылған білім беру жүйесі жан-жақты талқыланған республикалық семинар

Жыл сайын еліміздің білім саласында жаңа реформалар орын алып жатады. Биылғы оқу жылы да педагогтар қауымы мен оқушылар үшін өзгерістерге толы болды. Ал, оларды өз нәтижесін беретіндей етіп іс барысына енгізу үшін тәжірибе алмасудың маңызы зор. Бүгін Қаскелең қаласындағы Алтын ауыл орта мектебінде өткен республикалық деңгейдегі семинар-кеңестің де мақсаты осы еді. Жалпы, Алматы облысы бойынша, алдымен облыс орталығында, сосын, міне, Қарасай ауданында ұйымдастырылып отырған бас қосуға аудандық, қалалық білім бөлімінің өкілдері мен мектеп директорлары, жоғарғы оқу орындарының оқытушылары, барлығы 250-дей адам қатысып отырды.

Алдымен, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын арқау еткен «Туған жер – Туған ел» атты бейнефильм жиналғандар назарына ұсынылып, жалпы орта білім беретін мектептерде жаңартылған білім беру мазмұнына негізделген оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру мәселелері талқыланған семинар тізгінін Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Майгүл Омарова ұстады. Модератор кіріспе сөзінде биылдан бастап 2,5,7-сыныптар аталған жаңа жүйеге көшкенін, оны дұрыс игерудің жолдарын, педагогтар қауымы қандай заңдар мен жағдайларға жете назар аударулары керектігін, алдағы жылдарда 10-11-сыныптарға жаратылыстану бағытындағы пәндер ағылшын тілінде оқытылатынын, ол үшін мұғалімдер қандай деңгейлік оқыту курстарынан өтетіндігі жайлы жақсы әңгімеледі. Білім саласына енгізілген тағы бір жаңашылдық – енді бала жеті жастан емес, алты жастан мектеп табалдырығын аттауға міндетті. Сонымен қатар, қалыптасқан үрдіс бойынша, оқушы тек өзі тұратын мекенжай бойынша орналасқан мектепке қана емес, қалған білім мекемесіне бара алады екен. Бұдан бөлек, электронды күнделік мәселесі де қозғалды. Барлық мектептерге бұл жүйе кедергісіз енгізілсе, баласының алған бағасын әр ата-ана үйден-ақ, ғаламтор арқылы қадағалап отыруға мүмкіндік алады.

Мектептің қандай болмағы – басшысына байланысты. Олай болса, қазіргі директорлар нені білуі, ескеруі, естен шығармауы, бағытқа алуы керек және оларға қойылатын талап қандай? Бұл жөнінде Алматы қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының директоры Берік Асубаев кең мағлұмат берді. Мектеп директорын салыстырмалы түрде дирижерге теңеген ол, мектеп жақсы әрі алдыңғы қатарлы болуы үшін білім мекемесінің басшылары ұстаздарын ансамбль үні тәрізді үйлесімді еңбек етуге шақыра білуі қажеттігін алға тартты. Бұдан бөлек, мұғалімдер сабақ жоспарын «түнде – үйде – жалғыз» емес, керісінше,  «күндіз – мектепте – әріптестерімен» жасауға жағдай тудыру керектігін, сонда ол қызықты әрі нәтижелі болатынын сөз етті. Қазіргі жаңа жүйе арқылы енгізіліп жатқан өзгеріс негізіндегі критериалды бағалау – баланың нақты білімінің көрсеткіші болуы тиіс. Ал, деңгейлік курстарда өтіп келген коучингтер жұмыс барысында шоуға айналмауы керек. Мектеп директорлары болса, өзі басқаратын білім ордасындағы жаңашылдықтардың бел ортасында жүріп, олардың жүйелі іс барысына ұласуына үлкен үлес қосуға міндетті.

Бүгінгі таңда оқулықтарға қатысты айтылар сын жетерлік. Ал, қазіргі жаңартылған білім мазмұны бойынша қазақ тілі оқулықтарын дайындау жүйесінің ерекшеліктері жайлы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, профессор Жанат Дәулетбекова өте танымды, терең мағыналы әңгіме өрбітті. Ешбір жаңа нәрсе ғайыптан пайда болмайтынын, ол бар дүниеден туатынын, сол сияқты біздің ұлттық салт-дәстүріміз, тарихымыз оқулықтар жасау барысында басшылыққа алынатынын, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тарихи құндылықтарымызды ұмытпай, бүгінгі замануи жаңашылдықтармен ұштастыруды үндейтінін айтты баяндамашы. Бір ескерерлігі, кез-келген оқулық жарыққа шықпас бұрын талқылауға электронды сайт арқылы назарға ұсынылады. Сол кезде балаларының болашағына, біліміне алаңдайтын әрбір адам соны қарап, ішінен тыныс белгінің қатесін ғана іздемей, мән-мағынасына терең үңілуі керек.

Талдықорған қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының тренері Аманкүл Ошақбаеваның түсіндірген критериалды бағалау жүйесін табысты жүзеге асыру шарттары да жиналғандар үшін өте пайдалы болды. Білікті маман өз тәжірибесіне сүйене отырып, субъективтіліктен – объективтілікке өту, баға үшін оқудан – білім алу үшін оқуға жетелеу жолдарын ашып айтып, баланы қатарласымен немесе ағасы-әпкесімен емес, өзімен өзін салыстырудың ұтымдылығын баяндап берді.

Жалпы, бүгінгі жаһандық жаңашылдықтар, ақпараттық технологиялар оқыту жүйесіне еш кері әсерін тигізбеуі керек. Керісінше, білімді ұрпақ даярлауда біздер олардың көмегі мен мүмкіндіктеріне сүйене білгеніміз абзал. Қазір қашықтықтағы педагогтардың бір-бірімен пікір алмасып, шәкірттерінің өз пәніне деген құлшынысын арттыру үшін барлық жағдай жасалған. Осы жөнінде және өздерінің компанияларының артықшылықтары, мұғалімдерге берер қолдауы жайында UStudy компьютерлік тестілеу орталығының директоры Алжанбек Көшербаев және Bilim Media Group компаниясы директорының орынбасары Айнұр Бәрібаева әңгімелеп, қызықты әрі пайдалы ақпараттармен бөлісті. 

Түске дейін болған семинар осындай құнды дүниелер мен жақсы жаңалықтарға толы еді. Ал, бас қосудың екінші бөлімінде жиналғандар жаңартылған білім мазмұны негізіндегі жұмыстар аясында тәжірибе алмасты.

Источник: Karasayinfo.kz